Жалпы сипаттама. Қазақ тілтанымында өзге тілдерден қабылданған, ауызша/жазбаша коммуникацияға араласқан аталымдар үшін кірме сөз // шетел сөзі // интернационал сөздер // халықаралық терминдер // ксенизм // экзотизм // экзотикалық атаулар // локализм деген терминдер қолданылып келеді. Аталғандардың арасында терминдік-ұғымдық айырмашылықтар бар. Оларды жинақтап атау мақсатында кірме сөз және шеттілдік сөздер деп аталатын терминдер қолданылды. Қазақ әліпбиін латыннегізді графикаға көшіру – қазақ жазуын жаңа ұлттық әліпби негізінде реформалау проблемасының аса маңызды тұстарының бірі ретінде қазақ әдеби тілінің сөздік құрамындағы шеттілдік сөздердің таңбалануы айрықша назар аудартуда. Бір қарағанда, қоғам дамуы мен қазақ әдеби тілі динамикасының қазіргі сипатында шеттілдік сөздердің қазақ ұлтының когнитивті санасына, тілдік санасына мейлінше еніп, коммуникативтік қабілеттің жоғары көрінісі дәрежесіне көтерілгені соншалықты, өзге тілге тән сөздерді латыннегізді әліпби арқылы таңбалау айтарлықтай талдау-зерделеуді қажет ете қоймайтын да сияқты. Дегенмен ұлттық болмысты сақтау мен жаңғырту, қазақ тілін табиғи қалпына келтіру жолындағы ғылыми-практикалық жұмыстарды жүзеге асыруда қзге тілдерден енген сөздердің / терминдердің орфограммасы да бірқатар мәселелерді тағы бір мәрте таратып айтудың маңыздылығы байқалады. Кірме сөздер – қабылдаушы тілде фонетикалық жағынан бейімделген, қабылдаушы тіл жүйесіне енген, тілдің төл иесі үшін бөгде тіл сөзі екендігі байқалмайтын сөздер. Шеттілдік сөздер – тілдің лексикалық жүйесінің ерекше саласын құрайтын, өздерінің «шетелдік» бейнесін сақтаған, сондықтан да тілді пайдаланушыларға «шетелдік» қасиеті көрініп тұратын, тілдік санада шетел сөздер ретінде қабылданатын сөздер. Кірме сөздердің ену көздері – орыс (және орыс тілі арқылы), түрік, өзбек, басқа да түркітектес тілдер, араб-парсы тілі. Шеттілдік сөздердің негізгі құрамын дәнекер (донор) орыс тілі арқылы енген латын, грек, славян, роман-герман, орыс, қытай тілдерінің тілдік бірліктері құрайды. Шеттілдік сөздер жазба коммуникация арқылы енген, сондықтан сыртқы тұрпаты сақталып, айтылуы орыс тілінің орфоэпиялық заңдылықтарына бағындырылған. Автохтонды тілдердің ағылшындануы мен америкаландырылуы қазіргі кезеңде көптеген ұлт тілдерінде байқалады, сондықтан кейбір зерттеулерде «лингвистикалық жаһандану» деген термин қолданылады. Қазақ қоғамының қазіргі саяси-әлеуметтік, мәдени келбеті мен болашаққа даму барысы халықаралық терминдердің/шетел сөздердің енуіне шектеу қоя алмайды. Мәселен, соңғы жылдарда компьютерлік технологияға байланысты енген терминдік аталымдардың көлемі 70 пайызға жуық. Қазіргі жағдайда негізінен ағылшын негізді сөздер қоғам мүшесінің білімдік-танымдық индексін көрсетеді. Белгілі бір сала бойынша білімі бар адам коммуникативтік актінің тақырыбы мен коммуникация жағдаятына сәйкес мағынасын біршама дәрежеде түсіне отырып, шетел сөзін қолданысқа түсіреді; сөйтіп, нақты бір шеттілдік лексема идиолектіден социолектіге қарай өтеді (alma mater, драйвер, фак